«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі Қазақстандағы мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларына қолдау көрсету үшін  өзінің бүкіл мүмкіншіліктерін ұсынады. Бұл туралы «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС Басқарма төрағасы Әділ Үтембаев парламент сенатында ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру аясындағы «ҚР-дағы МЖӘ механизмдерін жетілдіру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында сөз сөйлей отырып мәлімдеді.

Даму институты ретінде «Бәйтерек» холдингі МЖӘ ынталандыруға мүмкіндік беретін келесі бағыттарға баса  назар аударады — мемлекеттік органдарға құжаттама әзірлеу және жобаларды құрылымдау жөніндегі қызметтерді көрсету және әлеуетті жекеше әріптестерге қаржыландыруды ұсыну. Осы мақсатта Холдингтің бүкіл қаржылық және қаржылық емес құралдары пайдаланылуы мүмкін», — деді Үтембаев.

Атап айтқанда, қазіргі таңда әріптес ретінде, әдетте, қазақстандық инвестор әрекет ететін шағын МЖӘ жобаларын қаржыландыру үшін «Даму» қоры осындай жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретін бөлек бағдарлама әзірлейтінін ол айтып берді. Қымбат тұратын ірі инфрақұрылымдық МЖӘ жобалары үшін Қазақстан даму банкі кепілзаттық қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында рәсімдерді қайта қарайды.

«Қазіргі таңда Холдинг KPPF Қоры тұлғасында инвестициялар және даму министрлігіне, денсаулық сақтау министрлігіне, қаржы министрлігіне және аймақтық деңгейде Қызылорда облысы әкімдігіне МЖӘ жобалары мен концессиялық жобаларды әзірлеу бойынша қызмет көрсетуде», — деді Үтембаев.

Мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларын іске асыру барысындағы мәселелер туралы айта отырып, Қор басшысы қаржыландыру мәселелеріне де назар аударды.

«Қазіргі таңда МЖӘ жобаларын қаржыландыруға Қазақстан даму банкі немесе ЕҚҚДБ, АДБ секілді қаржы институттары қауқарлы. Бұл жағдай дұрыс емес, біздің банктерді қалай да тарту керек», — деп түсіндірді ол, бірақ қазіргі таңда Қор отандық банктерді осылай тартудың мүмкіншіліктерін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып  пысықтап жатқанын атап өтті.