«…АӨК саласында көптеген проблемалар жиналып қалды. Ең алдымен, бұл тиімсіз баға белгілеу және азық-түлік тауарларын бөлу».

 

Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға сәйкес Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) 3 жыл ішінде үш кезеңде 24 көтерме-тарату орталығын салуды жоспарлап отыр.

Бірінші кезеңнің аясында, Министрлік консорциуммен бірлесіп «Ұлттық сауда-тарату желісі» ЖШС бастаған бірлестікпен 2021 жылғы 9 шілдеде жасалған МЖӘ шарты бойынша 7 КТО құру бойынша жұмыс жүргізуде.

Kazakhstan Project Preparation Fund (бұдан әрі ­– KPPF) ҚР Үкіметінің республикалық деңгейдегі МЖӘ жобалары бойынша бас кеңесшісі ретінде Министрлікке жобаны кеңес беру тұрғысынан сүйемелдеудің толық қызметтерін көрсетті. Атап айтқанда, Министрлікті жеке қаржылық бастамаға қатысу үшін өтінімді қабылдаудан бастап МЖӘ шартына қол қою сәтіне дейін сүйемелдеді.

Азық-түлік қауіпсіздігін шешу әлемнің барлық елдері үшін басымды міндет болып табылатыны сөзсіз. Осылайша, азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтауды қамтамасыз етеді.

МЖӘ жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан аумағында 7 көтерме-тарату орталықтарынан тұратын заманауи көп форматты сауда-тарату инфрақұрылымын құру көзделеді, оның ішінде қуаттылығы 76,5 мың тоннаны құрайтын төрт көкөніс қоймасы, сондай-ақ қуаттылығы жылына 1,4 млн паллетті құрайтын үш тарату орталығы бар.

1 мыңнан астам қосымша жұмыс орны ашылады.
Жобаны іске асыру кезінде бюджетке шамамен 75 млрд теңге салық түсімдері түседі деп күтілуде.

 Көтерме-тарату орталықтарының біріктірілген желісі тұтынушыларға қажетті өнімдерге оңтайлы бағамен, өндірушілерге нарық талаптарына сай уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді, бұл, нәтижесінде, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсерін тигізетін болады.