5 мамырда Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Азия даму банкі (АДБ) және «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС арасында «Оңтүстік Қазақстан облысы жылдамдықты автомобиль жолдарының құрылысын салу және пайдалану» концессиялық жобасын іске асыру бойынша техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсіміне Инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министр Роман Скляр, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капанелли және «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС Басқарма төрағасы Әділ Үтембаев қатысты.

Меморандум аясында АДБ «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылатын концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасын әзірлеуге халықаралық кеңесшілерді тарту үшін қаржылай жәрдем ұсынады. Сондай-ақ АДБ Қазақстандағы мемлекеттік-жекеше әріптестіктің әлеуетін дамытуға жәрдемдеседі, атап айтқанда, қазақстандық мамандарды қаржылық және көліктік үлгілеуге оқыту бойынша.

Меморандумға сәйкес, ұсынылатын техникалық жәрдемнің сомасы 1,8 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ жобаны іске асыру үшін шамамен 500 миллион АҚШ доллары көлемінде жекеше инвестициялар тарту жоспарлануда.

«Біздің Қордың миссиясы – МЖӘ механизмі бойынша іске асырылатын жобаларды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды құрылымдау және сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді көрсету арқылы Қазақстан республикасының инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесу болып табылады. АДБ сарапшыларының жәрдемі бізге МЖӘ институтын жаңа даму деңгейіне шығаруға көмектесетініне сенімдімін», — деді Әділ Үтембаев қол қою рәсімі аяқталған кезде.

«Оңтүстік Қазақстан облысы жылдамдықты автомобиль жолдарының құрылысын салу және пайдалану» концессиялық жобасы Шымкент және Сарыағаш қалаларын айналып өтетін жылдамдықты, төрт жолақты жолдардың салынуын қарастырады, оларды пайдалану концессионерге табысталады. Сондай-ақ бірыңғай жылдамдықты көлік дәлізін құру мақсатында, концессионердің басқаруына Оңтүстік Қазақстан облысындағы осы айналма жолдарды біріктіретін автожолдарды табыстау тұспалдануда.