2019 жылғы 19-20 наурызда Сеул қаласында сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Корей үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 8-ші отырысы өтті.

Қазақстан тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, корей тарапынан - сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн-Мо төрағалық етеді.

Отырыс барысында тараптар екі елдің түрлі секторлардағы ынтымақтастығының кеңеюіне қанағаттанушылық білдірді және екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін растады.

Тараптар экономикалық қатынастардың ағымдағы жай-күйін және өзара сауда көлемін қарап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мен нығайтудың маңыздылығы мен қажеттілігін растады.

Қазақстандық тарап бірлескен инвестициялық жобаларды кеңейтуге бағытталған экономикалық ынтымақтастықтың жаңа жол картасын ұсынды.

Отырыс шеңберінде "Kazakhstan Project Preparation Fund" ЖШС (KPPF) басқарушы директоры Аслан Булатов қазақстандық делегация құрамында Korea Overseas Indrastructure and Urban Development Corporation (МЖӘ-дегі жаһандық бизнесті қолдау жөніндегі компания) және Posco (Болат өндірісіндегі көшбасшы) корей компанияларымен қазақстандық компаниялармен бірлескен жобаларды іске асыру туралы келіссөздер жүргізді.

«Kazakhstan Project Preparation Fund» (KPPF) ЖШС — «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы. Компания 2014 жылғы 19 наурызда құрылған. KPPF мақсаты – МЖӘ механизмі бойынша іске асырылып жатқан жобаларды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды құрылымдау және сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді көрсету жолымен Қазақстан Республикасының дамуына жәрдемдесу деп анықталған.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылған. Холдингті құрудың мақсаты – экономиканы дамыту мен әртараптандыруға жәрдемдесу, инвестициялар тарту, кластерлерді дамыту және еншілес ұйымдарындағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру. Холдингке мыналар кіреді: «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «KazynaCapitalManagement» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС.