Варшавада Қазақстанның Польшадағы Елшілігі мен "Kazakh Invest "Ұлттық компаниясы" АҚ Польшаның бизнес Кеңесімен бірлесіп Польшаның Кәсіпкерлік және технологиялар министрлігінің, сондай-ақ Польшаның Инвестициялар және сауда жөніндегі агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылған қазақстан-поляк бизнес-форумы өтті.

Форумға ауыл шаруашылығы, энергетика, құрылыс және құрылыс материалдары өндірісі, азық-түлік, химия, тау-кен металлургия және фармацевтикалық өнеркәсіп салаларының өкілдері қазақстандық және поляк компаниялары қатысады. Қазақстандық компаниялар қатарында – "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "Астана" халықаралық қаржы орталығы, "Kazakhstan Project Preparation Fund" ЖШС, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ бар.

Форум Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға, екі елдің іскер серіктестері арасындағы әрекеттегі тікелей байланыстарды нығайтуға және жаңаларын орнатуға бағытталған.

Форум алаңында "Kazakhstan Project Preparation Fund" ЖШС және "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ өкілдерінің қатысуымен Bank Gospodarstwa Krajowego (BGK) - мен жобаларды қаржыландыру бойынша бірлескен ынтымақтастық шарттары талқыланған келіссөздер өтті.

Сондай-ақ, форум аясында инвестициялық жобалардың, мүмкіндіктердің, Қазақстандағы бизнеске қолдау көрсету механизмдерінің таныстырылымы өтті.

«Kazakhstan Project Preparation Fund» (KPPF) ЖШС — «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы. Компания 2014 жылғы 19 наурызда құрылған. KPPF мақсаты – МЖӘ механизмі бойынша іске асырылып жатқан жобаларды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды құрылымдау және сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді көрсету жолымен Қазақстан Республикасының дамуына жәрдемдесу деп анықталған.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылған. Холдингті құрудың мақсаты – экономиканы дамыту мен әртараптандыруға жәрдемдесу, инвестициялар тарту, кластерлерді дамыту және еншілес ұйымдарындағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру. Холдингке мыналар кіреді: «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «KazynaCapitalManagement» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС.